Ана тілінің тазалығы — ұлт мұраты
Калька түрлерін, типтік қателерін және табиғи қазақша баламаларын зерттеуге арналған ғылыми жоба.
Калька (франц. calque — көшірме) — басқа тілдегі сөздің немесе тіркестің құрылымын, мағынасын сөзбе-сөз аударып, ана тілінің өз материалынан жаңа сөз не тіркес жасау тәсілі.
Кірме сөзден айырмашылығы: калькада шет тілінің дыбысы емес, ішкі құрылымы ғана көшіріледі. Сондықтан калька сырттай қазақша көрінеді (мыс. көзқарас ← взгляд), бірақ дұрыс жасалмаса тілдің табиғи әуезін бұзады.
Кальканы танудың 3 сұрағы:
Мақсат — калькалаудың теориялық негіздерін жүйелеп, түрлерін (сөзжасамдық, семантикалық, фразеологиялық, тіркестік, синтаксистік) және қате түрлерін нақты мысалдар негізінде анықтап, әрқайсысына табиғи қазақша балама ұсыну.
Нысаны: қазіргі қазақ тіліндегі БАҚ, әлеуметтік желі, ресми құжат және ауызекі сөйлеу мәтіндері.
Пәні: калькалау тәсілінің құрылымдық және сапалық түрлері, олардың сөз, тіркес пен сөйлем деңгейіндегі көрінісі және қазақша баламалары.
Егер калька қолданыстарын мағынасы мен сөйлемдегі қызметіне қарай талдап, түрлері мен қате сипатын жүйелі анықтасақ, олардың көпшілігін қысқа әрі табиғи қазақша баламамен алмастыруға, сол арқылы тілдік сауаттылықты нақты өлшенетін дәрежеде арттыруға болады.
Калькалар қай деңгейде жасалатынына қарай бес түрге бөлінеді. Әр картаны басыңыз — түсінігі мен мысалдары ашылады.
Шет тілінен енген сөздің бөліктері қазақ түбірлерімен беріледі.
ТолығырақЖабу▾Калькалаудың ең дұрыс аударылатын түрі — тілдің өз сөзжасам мүмкіндігін пайдаланады. Мұндай сөздер тілге сіңіп, төл сөздей қабылданған.
Мысалдар: көзқарас ← взгляд, ұшақ ← самолёт, баспасөз ← пресса, қолжазба ← рукопись, өнеркәсіп, ғарышкер, мұражай.
Таныс сөзге жаңа мағына жүктеледі.
ТолығырақЖабу▾Қазақ тілінде бұрыннан бар сөзге шет тіліндегі қосымша мағына жүктеледі. Әсіресе цифрлық лексикада өнімді — таныс образ арқылы жаңа ұғымды тез береді.
Мысалдар: терезе (window), тінтуір (mouse), бет (page), себет (cart), бұлт (cloud), тор (net).
Тұрақты тіркес сөзбе-сөз аударылады.
ТолығырақЖабу▾Тұрақты тіркес (фразеологизм) сөзбе-сөз аударылады. Кейбірі қазақ тіліне сіңіп терминге айналған, кейбірі жасанды.
Мысалдар: суық соғыс ← холодная война, қара нарық ← чёрный рынок, ақ жалақы, аяғынан тұру.
«Зат есім + жалпы етістік» ықшамдалады.
ТолығырақЖабу▾Сөз тіркесі деңгейіндегі калька — қазіргі жасандылықтың негізгі көзі. «Зат есім + жалпы етістік» құрылымы нақты етістікпен ықшамдалады:
жұмыс жасау → жұмыс істеу · талдау жүргізу → талдау · шешім қабылдау → шешу · көмек көрсету → көмектесу · назар аудару → ескеру.
Сөйлем құрылысы көшіріледі — ең жиі қате көзі.
ТолығырақЖабу▾Сөйлемнің бүкіл құрылысынан байқалады. Түзету үшін «кім не істеді?» деп сұраймыз.
«Астана астанасы болып табылады» → «Астана — Қазақстанның астанасы» · «Жол апаты орын алды» → «Жол апаты болды» · «Өз кезегінде, ол алғыс айтты» → «Ол алғыс айтты».
Дұрыс аударылған калька тілге сіңеді, қате калька норманы бұзады.
ТолығырақЖабу▾Дұрыс аударылған калька тілге сіңіп кетеді (көзқарас, ұшақ). Қате (жалған) калька норманы бұзады (нәтиже орын алады).
2025–2026 жылдардағы 260 мәтін талданып, олардан 187 калька қолданысы анықталды. Диаграммалар мен нақты мәтін мысалдары — жобаның негізгі дәлелі.
260 мәтіннің ішінен нақты мысалдар. Қызылмен белгіленген — қате калька, жасылмен — табиғи баламасы.
«Астанада жаңа мектеп іске асырылды.»
«...салынды / пайдалануға берілді.»
«Бұл — өте маңызды мәселе болып табылады.»
«Бұл — өте маңызды мәселе.»
«Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кезекшілік ұйымдастырылды.»
«Қауіпсіздік үшін кезекшілік ұйымдастырылды.»
«Мен бүгін көп жұмыс жасадым.»
«Мен бүгін көп жұмыс істедім.»
«Кездесу жоғары деңгейде өтті.»
«Кездесу жақсы өтті.»
«Өз кезегінде, ол ризашылығын білдірді.»
«Ол ризашылығын білдірді.»
«Жоспарланған жұмыстар толық жүзеге асырылды.»
«...жүзеге асты / орындалды.»
«Жол бойында апат орын алды.»
«Жол бойында апат болды.»
Қате калька үлесі: ресми құжат — 29%, интернет-БАҚ — 41%, ауызекі тіл — 50%, әлеуметтік желі — 62%. Редакторлық бақылаудың болуы қате үлесін төмендетеді, ал бақылаусыз, жедел жарияланатын орта қатені көбейтеді.
Синтаксистік калька — 38%, лексикалық — 30%, семантикалық — 20%, фразеологиялық — 12%. Қателердің басым бөлігі сөйлем және сөз тіркесі деңгейінде, сондықтан түзету сөйлем құру дағдысын қалыптастыруға бағытталуы керек.
Себептері: аударма машиналарына тәуелділік; екітілді ортаның ықпалы; норманы білмеу және тексерусіз жариялау.
Ұсыныстар: мектеп бағдарламасына «калька» тақырыбын енгізу; жарияланым алдында тілдік редакция; Termincom шешімдерін жедел тарату.
Тілдік сауаттылық деңгейін анықтау үшін 100 респондентке (52 оқушы, 48 ересек) ұсынылған 10 сұрақтан тұратын сауалнама.
1Санатыңыз қандай?
2Күнделікті қай тілде көбірек сөйлейсіз?
3«Астана Қазақстанның астанасы болып табылады» — дұрыс па?
4«Ол күні бойы жұмыс жасады» тіркесі туралы не айтасыз?
5«Өз кезегінде» қыстырмасын алып тастауға бола ма?
6Калька дегеніміз не? (өз сөзіңізбен)
7«Оқиға орын алды» дегеннің баламасы қандай?
8«Қамтамасыз ету мақсатында» тіркесін ықшамдауға бола ма?
9«болып табылады», «жұмыс жасау» тіркестерін қаншалықты жиі қолданасыз?
10Termincom немесе Emle сайтын бұрын қолдандыңыз ба?
Ең жиі кездесетін қателер және олардың табиғи қазақша баламасы.
| Қате калька | Орыс үлгісі | Дұрыс балама |
|---|---|---|
| болып табылады | является | сызықша: «X — Y» |
| жұмыс жасады | делал работу | жұмыс істеді |
| өз кезегінде | в свою очередь | өз тарапынан / (алып тастау) |
| орын алды | имело место | болды, кездесті |
| шешім қабылдады | принял решение | шешті |
| талдау жүргізу | проводить анализ | талдау |
| қамтамасыз ету | обеспечить | қамту / жасау |
| Қате калька | Дұрыс балама |
|---|---|
| болып табылады | сызықша: «X — Y» |
| жұмыс жасады | жұмыс істеді |
| өз кезегінде | өз тарапынан / (алып тастау) |
| орын алды | болды, кездесті |
| алып келді | себеп болды, әкелді |
| шешім қабылдады | шешті |
| сұрақ туындады | мәселе туды |
| назарға алу | ескеру |
| қолданысқа енгізілді | қолданысқа енді |
| іс-шара өткізілді | іс-шара өтті |
| қатысуымен | қатысқан жағдайда |
| мән беру | маңыз беру |
| жол берілді | кетті (қате кетті) |
| жүзеге асырылды | жүзеге асты / орындалды |
| қамтамасыз ету | қамту / жасау |
| байланысқа шығу | хабарласу |
| талдау жүргізу | талдау |
| көмек көрсету | көмектесу |
| мәлім болды | белгілі болды |
| кездесу жоғары деңгейде өтті | кездесу жақсы өтті |
Үш тапсырма: тест, сәйкестендіру және «дұрыс/бұрыс». Жауабыңды бірден тексер.
Әр сұраққа бір дұрыс жауап.
Сол жақтан қате кальканы, содан соң оң жақтан дұрыс баламасын таңда.
Әр тұжырымды бағала.
Жиналған 187 калька қолданысының жартысына жуығы (49%) норманы бұзатын қате болып шықты. Ал әзірленген «Қате калька — дұрыс балама» әдістемесі тілдік сауаттылықты +24 пайыздық тармаққа арттырды. Демек, мәселе — калькалаудың өзінде емес, оны сауатсыз қолдануда.
Зерттеу шектеулі мәтін (260) мен бір өңірдегі 100 респондент негізінде жүргізілгендіктен, көрсеткіштерді бүкіл қазақ тіліндегі жағдайдың толық көрінісі деп қарауға болмайды. Нәтижелер үрдісті көрсетеді.
Келешекте калькалауды нейрондық машиналық аударма жүйелерінің әсерімен байланыстыра зерттеу, қате калькаларды автоматты анықтайтын цифрлық сөздік жасау — перспективалы бағыттар.
Калька мен кірме сөздің айырмасын, сөзді контекспен бағалауды, Termincom мен Emle базаларын пайдалануды, деректерді статистикалық өңдеуді және кесте-диаграмма құрастыруды үйрендім. Ең бастысы — тіл тазалығы мен ұлттық ойлау жүйесі бір-бірімен тығыз байланысты екенін түсіндім.
Болашақта корпустық лингвистика әдістерін тереңірек меңгеріп, зерттеу материалын республикалық деңгейге дейін кеңейтуді, сауалнама аясын ұлғайтуды және қате калькаларды автоматты анықтайтын цифрлық құрал жасауды үйренуім керек.
Жобаны бастаған кезде кальканы тілдегі елеусіз құбылыс деп ойладым. Зерттеу барысында оның тіл тазалығымен, ұлттық санамен тікелей байланысты екеніне көз жеткіздім. Енді әр сөйлемге сын көзбен қарап, дұрыс баламаны таңдауды үйрендім. Ең бастысы — калька мәселесі адамды қатесі үшін сынау емес, жақсы нұсқаны түсінікті ұсыну арқылы шешілетінін ұқтым.